Ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар студенттер
Шымкент қаласы Энергетика және байланыс колледжінде ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар (құлағы нашар еститін) білім алушыларға ОҚО әкімдігі 2014 жылғы 24 шілдесіндегі №234 қаулысының 1-қосымшасы және ОҚО білім басқармасының 2014 жылғы 5 тамызындағы №598 бұйрығы негізінде облыстық бюджет есебінен оқытылуға рұқсат алынды.
БжҒМ техникалық және кәсіптік білім берудің Республикалық оқу-әдістемелік кеңісінің 24.08.2015жылғы №3 хаттамасына сәйкес, білім басқармасының бұйрығымен 1304000 «Есептеу техникасы мен бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы, 1304012 «Электронды есептеу машиналарының операторы» (қазіргі таңда 3W06120101 – «Компьютерлік аппараттық қамтамасыз ету операторы») біліктілігі бойынша 2014-2015 оқу жылынан бастап ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар (құлағы нашар еститін) студенттер колледжде білім алуда.
Бұл үшін ерекше білімді қажет ететін топ студенттеріне эксперименталды үлгілі оқу жоспары бекітілді. Оқу бағдарламасынан ағылшын тілі мен алғашкы әскери дайындық пәндерінің сағаттары жалпы пәндердің теориялық және практикалық сағаттарына бөлінді.
Ерекше білім беру жүйесі орта, кәсіптік және техникалық, жоғары білім беретін оқу орындарын қамтиды. Оның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандарды оқыту мен кәсіби даярлауда кедергісіз орта құру болып табылады.
Ерекше білім беру жүйесі – есту қабілеті төмен жасөспірімдер үшін ең жақсы шешім: сау балалармен тең дәрежеде әлеуметтік және оқу дағдыларын қалыптастыратын орта құруға мүмкіндік береді. Дені сау құрдастарының арасында үнемі бола отырып, мүмкіндігі шектеулі балалар жаңа әлеуметтік тәжірибені иеленеді және сыртқы әлеммен қарым-қатынасқа деген ұмтылысын күшейтетін жағымды энергияның эмоционалды зарядына ие болады. Ерекше білімді қажет ететін студенттердің танымдық қабілеттерін жетілдіру мақсатында, сонымен қатар зейінін қалыптастыру, ойлау, есте сақтау қабілеттерін және тілдерін дамыту, яғни танымдық қызметін дамытуда түрлі заманауи технологияларды қолданамыз.
Өзгеріске, жаңалыққа толы бүгінгі заман талабы мұғалімге алдында отырған бірі шапшаң, бірі баяу, енді біреулері төмен қабылдайтын зейіні, қабылдауы, есте сақтауы, ойлауы әр қилы шәкірттердің жүрегіне жол таба білетін білім біліктілігі жоғары, жаңашыл, ізденімпаз ерен қасиет иесі болуды міндеттейді.
Әлемдік оқу үрдісінің өзегі — жаңа технологиялар екені мәлім. Әрбір технология өзіндік жаңа әдіс-тәсілдермен ерекшеленеді.